Жұмыс іздеушілерді тіркеу

«Жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 482-V Заңының 13-бабына сәйкес(04.07.2018 ж. жағдайына өзгертулер мен толықтырулар енгізілген)

Жұмыс іздеп жүрген адам

  1. Жұмысы және (немесе) табысы (кірісі) жоқ, лайықты жұмыс іздеп жүрген адам жұмысқа орналасуына жәрдемдесу үшін өтініш жасаған кезде тұрғылықты жерiндегі халықты жұмыспен қамту орталығында тікелей не "электрондық үкіметтің" веб-порталы немесе Мемлекеттік корпорация арқылы мынадай:
  • жеке басын куәландыратын;
  • еңбек қызметін растайтын (бар болған кезде);
  • білімі, біліктілігі, арнайы білімдерінің немесе кәсіптік даярлығының (бар болған кезде) бар екендігі туралы құжаттардың негізінде жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеледі.

      Он алты жасқа толмаған адам сонымен қатар, өзінің заңды өкілдерінің бірінің жазбаша өтінішін ұсынады.

  1. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеп жүрген адамды тіркеген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лайықты жұмыс таңдау арқылы, оны бос орындар пайда болған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және (немесе) ұялы байланыс желісінің абоненттік құрылғысы арқылы лайықты жұмыстың бар екендігі туралы хабардар ете отырып, өтеусіз негізде оған жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі, сондай-ақ әлеуметтік кәсіптік бағдарлау және кәсіптік оқыту бойынша қызметтер көрсетеді.
  2. Жұмыс іздеп жүрген адам халықты жұмыспен қамту орталығынан (кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен) лайықты жұмыстың бар екендігі туралы ұсыныстарды алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде халықты жұмыспен қамту орталығына, ал ауылдық елді мекендерде тұратындар – кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне барып немесе ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және (немесе) ұялы байланыс желісінің абоненттік құрылғысы арқылы хабардар ете отырып, жұмыс іздеуге, сондай-ақ кәсіптік оқытуға қатысуға мүдделілік білдіруге тиіс.

   ЖҰМЫССЫЗ РЕТІНДЕ ЖҰМЫС ІЗДЕУШІЛЕРДІ ТІРКЕУ

«Жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 482-V Заңының 14-бабына сәйкес:

  1. Халықты жұмыспен қамту орталығы осы Заңның 13-бабының 2-тармағындабелгіленген кезең өткен соң екі жұмыс күні ішінде халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға осы Заңның 13-бабының 1-тармағындакөзделген құжаттарды, осы баптың 6-тармағында және осы Заңның 8-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында аталған адамдарды қоспағанда, жұмыссыз ретінде тіркеу туралы шешім қабылдау үшін жібереді.

      Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган халықты жұмыспен қамту орталығынан тиісті ақпаратты алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде, осы баптың 6-тармағында және осы Заңның 8-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында аталған адамдарды қоспағанда, өтініш жасаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде лайықты жұмыс таңдалмаған, жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз ретінде тіркеу туралы шешім қабылдайды.

  1. Жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз ретінде тіркеу оның деректері мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелері арқылы тексерілгеннен кейін жұмыспен қамтудың жеке картасына алынған мәлiметтер енгiзіле отырып жүзеге асырылады.
  2. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеп жүрген адамға жұмыссыз ретінде тіркеу күні немесе тіркеуден бас тарту туралы халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органның шешімі қабылданған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде хабарлайды.
  3. Жұмыссыз ретінде тіркелген адамның өтініші бойынша халықты жұмыспен қамту орталығы өтеусiз негiзде анықтама береді, оның қолданылу мерзімі ол берілген күннен бастап күнтізбелік отыз күнді құрайды.
  4. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тiркелген жұмыссыздар халықты жұмыспен қамту орталығынан лайықты жұмыс туралы ұсыныстар алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде халықты жұмыспен қамту орталығын, ал ауылдық елдi мекендерде тұратын жұмыссыздар – кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiн ұсынылған лайықты жұмысқа келісетіні немесе одан бас тартатыны туралы жеке өзі жүгініп немесе ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және (немесе) ұялы байланыс желісінің абоненттік құрылғысы арқылы хабардар етуге тиіс.
  5. Мыналар жұмыссыз адам ретінде тіркелмейді:
  • он алты жасқа толмаған;
  • еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн, оның ішінде жұмысты толық не толық емес жұмыс уақыты жағдайларында ақы үшiн орындайтын немесе табыс (кіріс) әкелетін, ақы төленетiн өзге де жұмысы бар;
  • "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған;
  •  жұмысы мен табысының (кірісінің) жоқ екендігі туралы көрінеу жалған мәліметтерді қамтитын құжаттарды, сондай-ақ басқа да анық емес мәліметтерді ұсынған адамдар жұмыссыз адам ретінде тіркелмейді.