әлеуметтік жұмыс орындары

Әлеуметтік жұмыс орны – жұмыссыздарды олардың жалақысын субсидиялай отырып жұмысқа орналастыру үшін халықты жұмыспен қамту орталығымен шартты негізде жұмыс беруші құратын жұмыс орны.

Әлеуметтік жұмыс орындарын құру

Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен уағдаластық бойынша жалақысын субсидиялай отырып, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орнын құрады.

Әлеуметтік жұмыс орындары барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады, бұл ретте салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды ұдайы жүргізетін, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам қызмет ететін жұмыс берушілердің қатысуына жол беріледі.

Әлеуметтік жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындарынан тыс және тұрақты жұмыс орындарына арналған бос орындардан тыс құрылады. Мұндай жұмыс орындары ауыр жұмыстарда, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда құрылмайды.

Әлеуметтік жұмыс орындарының саны шектелмейді.

Әлеуметтік жұмыс орындарындағы жұмыс уақытша сипатқа ие болады. Азаматтардың әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды.

Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган:

1) әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға сұраныс пен ұсынысты қалыптастырады;

2) әлеуметтік жұмыс орындарын құруға өтінім берген өңірлердегі ұйымдардың тізбесін (бұдан әрі – тізбе), ұйымдастырылатын жұмыс орындарының санын және нақты жұмыс шарттарын, төленетін еңбекақы мөлшерін және оларды қаржыландыру көздерін бекітеді.

Жұмыс берушілердің тізбесі қажетіне қарай күнтізбелік жыл ішінде жаңартылып отырады.

Халықты жұмыспен қамту орталығы бекітілген тізбеге сәйкес жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға және қаржыландыруға жұмыс берушімен шарт жасасады.

Жұмыссыздар әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарына Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес өтініш пен құжаттарды береді.

Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарға әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасу мәселесі бойынша консультация береді және олар келіскен жағдайда әлеуметтік жұмыс орнына жолдама береді.

Жұмыс беруші үш жұмыс күні ішінде халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа қабылдағаны немесе қабылдаудан бас тартқаны туралы хабарлайды.

Жұмыс берушілер әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастырудың белгіленген тәртібін бұзған жағдайда әлеуметтік жұмыс орындарына қатысушыларға жалақының субсидияланған бөлігін төлеуге мемлекет жұмсаған шығыстарды жұмыс берушілердің бюджетке өтеуімен олармен жасалған тиісті шарт бұзылуға тиіс.

Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген жұмыссыздарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.

Бос орын пайда болған кезде және қатысушының келісімімен жасалған еңбек шартының мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс берушінің бастамасы бойынша тұрақты жұмысқа орналастыруға рұқсат беріледі. Бұл ретте жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығына Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген мерзімдерде тұрақты жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін жолдайды.

Әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландыруды халықты жұмыспен қамту орталығы әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан жұмыссыздарға еңбекақы төлеуге жұмсалған жұмыс беруші шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидия беру жолымен республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырады.

Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан жұмыссыздардың жалақысына берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны ескергенде жалақының белгіленген мөлшерінің 35 %-ын құрайды, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауға тиіс.

Мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін үкіметтік емес ұйымдар құратын әлеуметтік жұмыс орындарының жалақысын субсидиялау мөлшерін жергілікті атқарушы орган дербес белгілейді.

Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан жұмыссыздарға еңбекақы төлеуді жұмыс беруші еңбек шартында белгіленген мөлшердің негізінде нақты жұмыс істеген уақытына ай сайын жүргізеді.

Орындалатын жұмыстың көлеміне және күрделілігіне қарай жұмыс беруші өз қаражаты есебінен, қажет болған жағдайда, нақты орындалған жұмыс үшін қосымша үстемеақылар белгілейді.