қысқа мерзімдегі кәсіптік оқыту

Қысқа мерзімді кәсіптік оқу – жұмысшы кадрларды кәсіптік даярлау және қайта даярлау бойынша оқу мерзімі қысқартылған білім беру бағдарламаларын іске асыруды көздейтін техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің бөлігі.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқу цифрлық сауаттылық дағдыларына, ағылшын тіліне және кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша да өткізіледі. Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқудың ұзақтығы кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды қоспағанда, кәсіптің (мамандықтың) ерекшелігіне қарай бір айдан алты айға дейінгі мерзімді құрайды. Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту мерзімі 15 күннен аспайды.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқу білім беру ұйымы жұмыс берушілердің қатысуымен әзірлеген және ӨКП-мен келіскен кәсіпкерлік негіздеріне оқыту модулін қамтитын оқу бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқу жинақталуына қарай кіші топтарда жүзеге асырылатын болады. Кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды білім беру ұйымдары және ӨКП-нің құрылымдық бөлімшелері жүзеге асырады.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтетін Бағдарламаға қатысушылар 29 жасқа дейінгі жастағы жастар мен халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелуіне қарамастан жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және қысқартылатын жұмыскерлер болып табылады.

Кәсіптердің, дағдылардың тізбесі халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдар халықты жұмыспен қамту орталықтарымен және ӨКП-мен бірлесіп жүргізетін өңірдің еңбек нарығының қажеттілігіне талдау мен болжамды есепке ала отырып айқындалады.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқу жүргізу тетігі:

1) қысқа мерзімді кәсіптік оқуға үміткерлер Бағдарламаға қатысуға өтінішпен халықты жұмыспен қамту орталықтарына/ӨКП-лерге/ауылдық округ немесе елді мекен әкіміне жүгінеді және тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауды және қысқа мерзімді кәсіптік оқуды ұйымдастыру қағидаларында көзделген құжаттарды ұсынады және өңірлік комиссия айқындаған тізбеден қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жүргізу үшін білім беру ұйымын таңдайды. Қысқартылатын жұмыскерлер қайта даярлау шеңберінде халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінеді және білім беру ұйымдарын өз бетінше таңдайды;

2) білім беру ұйымдары/ӨКП/ауылдық округ немесе елді мекендердің әкімдері үш жұмыс күні ішінде үміткерлерден келіп түскен құжаттар мен өтініштерді халықты жұмыспен қамту орталықтарына (білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауды және қысқа мерзімді кәсіптік оқуды ұйымдастыру қағидаларына сәйкес белгіленген нысан бойынша портал арқылы электрондық түрде/қолма-қол) тапсырады;

3) халықты жұмыспен қамту орталықтары екі жұмыс күні ішінде үміткерлердің құжаттарын Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптарға сәйкестігін тексереді, үміткерлердің тізімдерін қалыптастырады және аудандық (қалалық) комиссияға жібереді;

4) аудандық (қалалық) комиссия үміткерлердің тізімдерін үш жұмыс күні ішінде қарап, бекітеді;

5) халықты жұмыспен қамту орталықтары қысқа мерзімді кәсіптік оқу бағдарламасын іске асыру үшін оқу орындарымен шарт жасасады, оның шеңберінде үміткерлерді қысқа мерзімді оқуға жіберу жүзеге асырылады;

6) халықты жұмыспен қамту орталықтары үш жұмыс күні ішінде үміткерлерді аудандық (қалалық) комиссия қабылдаған шешім туралы хабардар етеді және оларға білім беру ұйымдарына жолдама береді. Ауылдық елді мекендерде тұратын үміткерлер ауылдық округтер мен елді мекендердің әкімдері арқылы хабардар етіледі,білім беру ұйымдары қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қабылдауды аудандық (қалалық) комиссия шешімінің негізінде үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқу аяқталғаннан кейін халықты жұмыспен қамту орталықтары Заңға сәйкес Бағдарламаға қатысушыларға жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі.

Халықты жұмыспен қамту орталықтары:

1) қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатысушылардың тізімін қалыптастырады, комиссиялардың қарауына үміткерлердің тізімдерін шығарады және аудандық (қалалық) комиссия қабылдаған шешімдер туралы үміткерлерді хабардар етеді;

2) ТжКБ бар кадрларды даярлауды және қысқа мерзімді кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша оқытылатын, сондай-ақ оқуды аяқтаған Бағдарламаға қатысушылардың мониторингін ақпараттық жүйелер арқылы жүргізеді;

3) қысқа мерзімді кәсіптік оқу жөніндегі іс-шараларды іске асыруға қатысады;

4) ТжКБ бар кадрларды даярлауды және қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаған Бағдарламаға қатысушыларды жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі.