Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау
1.ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1.«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау» мемлекеттік көрсетілетін қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 279 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты (бұдан әрі – Стандарт) негізінде Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының аудандық бөлімдері арқылы (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арқылы жүзеге асырылады (бұдан әрі – Орталық).
2.Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны: қағаз түрінде.
3.Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі: мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы хабарлама, оның нысаны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде №11426 болып тіркелген).
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін ұсыну нысаны: қағаз түрінде.
2.МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ПРОЦЕСІНДЕ КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТІ БЕРУШІНІҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ БӨЛІМШЕЛЕРІНІҢ (ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІҢІҢ) ІС-ҚИМЫЛ ТӘРТІБІН СИПАТТАУ
Көрсетілетін қызметті берушінің көрсетілетін қызметті алушыдан мемлекеттік қызметті көрсету үшін Стандарттың 9 тармағында көзделген қажетті құжаттар мен өтінішті алу мемлекеттік қызметті көрсету бойынша рәсімді (іс-әрекетті) бастауға негіз болып табылады.
Келесі рәсімді (іс-қимылды) орындауды бастауға негіз болатын мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерінің (іс-қимылдарының) нәтижелері:
- өтінішті тіркеу және Орталық басшысына қарауға жіберу;
- Орталықтың жауапты маманын анықтау және құжаттарды көрсетілетін қызметті берушінің жауапты маманына мемлекеттік қызмет көрсету үшін беру;
- қорытынды дайындау үшін учаскелік комиссияға беру;
- қорытындыны дайындау және Орталықтың жауапты маманына беру;
- шешім жобасын көрсетілетін қызметті берушінің аудандық бөліміне жіберу;
- атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешім қабылдау және нәтижесін көрсетілетін қызметті алушыға беру үшін Орталыққа беру.
3.МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ПРОЦЕСІНДЕ КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТІ БЕРУШІНІҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ БӨЛІМШЕЛЕРІНІҢ (ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІҢІҢ) ІС-ҚИМЫЛ ӘРЕКЕТТЕСУ СИПАТТАУ
Мемлекеттік қызмет көрсету процесіне қатысатын көрсетілетін қызмет берушінің құрылымдық бөлімшелерінің тізбесі:
- Орталықтың маманы;
- Орталық басшысы;
- учаскелік комиссия;
- көрсетілетін қызметті берушінің аудандық бөлімінің маманы.
Әрбір рәсімнің (іс-қимылдың) ұзақтығын көрсете отырып, көрсетілетін қызметті берушінің құрылымдық бөлімшелерінің (қызметкерлерінің) арасындағы рәсімдердің (іс-қимылдардың) сабақтастығын сипаттау:
1) Орталықтың маманы 45 (қырық бес) минут ішінде Стандарттың 1 қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініштерді тіркейді, қағаз жеткізгіште құжаттар пакетін немесе өтініш берушінің электронды құжаттар пакетін қалыптастырады және оны өзінің қолтаңбасымен немесе ЭЦҚ арқылы куәландырады және Орталық басшысына бұрыштама қою үшін береді;
2) Орталық басшысы 10 (он) минут ішінде көрсетілетін қызметті алушының өтінішін Орталықтың маманына жазады;
3) Орталықтың маманы өтініш берушіден құжаттар пакетін алған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде өтініш берушінің (отбасының) материалдық жағдайын зерттеу және учаскелік комиссияның қорытындысын дайындау үшін құжаттарын учаскелік комиссияға береді;
4) учаскелік комиссия Орталықтан құжаттар пакеті келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде өтініш берушінің (отбасының) материалдық жағдайына зерттеу жүргізеді және оның нәтижелері бойынша қорытынды дайындайды;
5) Орталық маманы 1 (бір) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттар пакеті мен учаскелік комиссияның қорытындысы негізінде көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрін айқындайды, мөлшерін санайды, электрондық шешім жобасын басып шығарады және көрсетілетін қызметті берушінің аудандық бөліміне береді;
6) көрсетілетін қызметті берушінің аудандық бөлімінің маманы электрондық құжаттар пакетін немесе қағаз жеткізгіштегі құжаттар пакетін және электрондық жобасын алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешім және хабарлама дайындайды және нәтижесін көрсетілетін қызметті алушыға беру үшін Орталыққа береді.
Рәсімдердің (іс-әрекеттердің), Орталық қызметкерлерінің құрылымдық бөлімшелерінің өзара әрекеті реттілігінің толық сипаттамасы осы регламенттің қосымшасына сәйкес мемлекеттік қызметті көрсетудің бизнес-процестерінің анықтамалығында келтірілген.